
Қазақстанда әйелдердің үштен бірі жүктілікті жоспарламайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен жетекші акушерлік-гинекологиялық ұйымдар бала көтермес бұрын гинеколог немесе отбасылық дәрігерге барып, тексерілу қажет деп дабыл қағады. Дәрігер әйелдің денсаулығын бағалап, қажет болса ем немесе кеңес береді. Қатерлі аурулар анықталса әзірге бала көтеруге болмайтынын, емделу қажет екенін айтады. Алайда әйелдердің көпшілігі дәрігерге құлақ аспай, бірінен соң бірін туып жатады. Мұндайда әйелдің де, баланың да денсаулығына қауіп төнеді. Ана мен бала өлімі азаймай тұрғаны да сондықтан.
Бала көтермес бұрын не істеу керек? Қандай анализдер тапсыру қажет? Қай кезде бала көтеруге болмайды?
Осы орайда Информбюро порталы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қалалық перинаталдық орталығының дәрігер, акушер-гинекологы, кафедра лекторы Ұлжан Пернебекованың бала көтеруді жоспарлауға қатысты айтқан кеңестерін ұсынады.
№1. Бала көтеруді қалай жоспарлау керек?
Дәрігер ұсынысы:
- Фолий қышқылын қабылдау. Бала көтергенге дейін кемінде 3 ай бұрын күніне 400-800 мкг фолий қышқылын жолдасыңызбен бірге қабылдауды бастаңыз. Бұл жүйке түтігінің ақаулары (мысалы, спина бифида) қаупін 70%-ға дейін төмендетеді. Қант диабеті бар, антиэпилептикалық дәрі қабылдайтын әйелдерге жоғарырақ доза қажет болуы мүмкін, сондықтан дәрігермен кеңесіңіз.
- Созылмалы ауруларды бақылау. Қан қысымы, қант диабеті, қалқанша безі ауруларын бала көтермес бұрын бақылау қажет. Қажет болса дәрі-дәрмек өзгертілуі мүмкін (кейбір дәрілер жүктілік кезінде қауіпті).
- Жаман әдеттерден бас тарту. Темекі, алкоголь, есірткі болашақ баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Бала көтермес бұрын бұл әдеттерді мүлдем қою керек.
- Дене салмағын қалыпқа келтіру. Артық салмақ немесе салмақ жетіспеушілігі бала көтеруге әсер етуі мүмкін. Дене салмағы индексін (ДСИ) қалыпты жағдайда ұстаңыз (18.5-24.9).
- Психологиялық дайындық. Бала көтеру физиологиялық қана емес, психологиялық та процесс. Стресс деңгейін азайту, отбасымен ашық сөйлесу және олардың қолдауы сіз үшін өте маңызды.
Отбасын жоспарлаудың басты мақсаты – жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу, репродуктивті денсаулықты сақтау және отбасы мен қоғамның әл-ауқатын арттыру.
№2. Қандай анализдер тапсыру керек?
Мына анализдерді тапсырып, тексеруден өту ұсынылады:
- жалпы қан анализі (ЖҚА) – анемия немесе қабынуды анықтау;
- темір, ферритин – теміртапшылық анемиясын анықтау;
- TORCH-инфекциялар (токсоплазмоз, қызылша, цитомегаловирус, герпес) – бала көтеруге қауіпті инфекцияларды тексеру;
- ВИЧ, В гепатиті, С гепатиті – инфекцияны ерте анықтап, алдын алу;
- қан тобы мен резус-фактор – Rh-конфликт жүктіліктің алдын алу;
- қант деңгейі (глюкоза, HbA1c) – жасырын қант диабетін анықтау;
- гормондар (қалқанша безі, пролактин, т.б.) – қалқанша безінің жұмысы мен репродуктивті гормондарды бағалау (егер цикл бұзылған болса);
- мазок және цитология (Пап-тест) – жатыр мойнының ауруларын ерте анықтау үшін.
№3. Қандай жағдайда бала көтеруге болмайды?
Созылмалы аурулар:
- Қант диабеті (нашар бақыланатын) болса сәби үшін даму ақаулары, ана үшін асқынулар қаупі бар;
- Артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы) болса преэклампсия, ұрық дұрыс дамымауы мүмкін;
- Жүрек аурулары (жүрек ақаулары, ауыр аритмия) ана өміріне қауіп төндіруі мүмкін;
- Бүйрек жеткіліксіздігі – жүктілік асқынуы немесе бала көтере алмау;
- Қалқанша безінің гормондық бұзылыстары (гипотиреоз, гипертиреоз) ұрықтың жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін.
Инфекциялық аурулар (активті кезеңде):
- Туберкулез (активті форма) – жүктілікке, ұрыққа және анаға қауіпті;
- ВИЧ (емделмеген) – балаға берілу қаупі жоғары;
- Гепатит В немесе С (бақылаусыз формада) – туабітті инфекция қаупі;
- TORCH-инфекциялар (токсоплазмоз, қызамық, герпес, цитомегаловирус) – ұрықтың даму ақаулары, түсік тастау қаупі.
Онкологиялық аурулар. Қатерлі ісік диагнозы қойылса жазылып шыққан соң ғана бала көтеруге болады. Кейбір химиотерапия түрлері ұрыққа өте зиян.
Психикалық және неврологиялық аурулар:
- Ауыр депрессия, шизофрения, биполярлы бұзылыс – жүктілік кезінде жағдайдың нашарлау қаупі;
- Эпилепсия (нашар бақыланатын) – ұрық үшін қауіп, дәрі-дәрмектердің жанама әсері.
Медикаменттер (жүктілікке қауіпті дәрілер қабылдау). Кейбір дәрілер жүктілік кезінде тератогенді, яғни ұрықтың дамуында ақау тудыруы мүмкін:
- Изотретиноин (акнеге қарсы);
- Варфарин (қан сұйылтқыш);
- Литий (психотроптық);
- Кейбір антиэпилептиктер;
- Химиотерапия препараттары
Осындай дәрі-дәрмектер ішіп жүрсеңіз дәрігермен кеңесіп, қауіпсіз баламаларға ауысу қажет.
Жатырдың немесе репродуктивті ағзалардың ауыр патологиялары:
- Жатыр миомасы (үлкен болса);
- Аденомиоз (ауыр сатыда);
- Эндометриоз (ауыр формасы);
- Жатыр ақаулары (қос жатыр).
№4. Қашан бала көтеруді кейінге қалдыру керек?
Жаңа вакцина (тірі вакцина) қабылданған соң 1 ай күту керек. Босанған соң, әсіресе кесар тілігінен соң бір-екі жыл күтіну қажет. Салмақ тым төмен немесе артық болса денені қалыпқа келтіріп барып жоспарлау керек. Ауыр психологиялық күйзеліс, стресс болса жағдайы қалпына келтіру маңызды.
Есте сақтаңыз: бала көтеру туралы шешім – медициналық тексеріс пен дәрігердің кеңесіне негізделуге тиіс. Күмәндансаңыз, преконцепциялық кеңеске барып, нақты ақпарат алыңыз.
Кейде әйелдер денсаулығына қауіп төнетінін білсе де дәрігердің сөзіне құлақ аспайды. Бұған тек медициналық емес, әлеуметтік, мәдени және психологиялық себептер де әсер етеді.
№5. Неліктен кейбір әйелдер дәрігерге құлақ аспайды?
Біріншіден, діни және мәдени дәстүрлер мен сенімдер. Кейбір дәстүрлі ортада "бала – жаратқанның сыйы", "бала тууды шектеу – күнә" деген ұстаным қалыптасқан. Дәстүр мен діни сенім, үлкендердің сөзі кейде дәрігердің кәсіби кеңесін жоққа шығарады. Қазақта "Алла береді", "Жүктілікті адам жоспарламайды", "Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" деген түсініктер кең тараған.
Екіншіден, білім деңгейінің төмендігі. Кейбір әйелдер репродуктивті денсаулық туралы толыққанды ақпарат алмайды. Контрацепция, бала көтергенде екі баланың арасы қандай болу керек, қауіптер, жүктілікті жоспарлау туралы ғылыми тұрғыда білмейді. "Спираль бедеулікке әкеледі", "дәрі гормон – зиян" деген секілді мифтерге сенеді.
Үшіншіден, әлеуметтік қысым мен гендерлік рөлдер. Көп әйел күйеуі, енесі немесе отбасы талап еткен соң босана береді. "Ұл керек", "көп бала жақсы" деген түсінік әйелдің еркін шектейді. Әйел өз денсаулығына өзі иелік ете алмайды. Шешімді күйеуі немесе отбасы қабылдайды.
Төртіншіден, пациенттің дәрігерге сенбеуі. Кейде дәрігерлер де дұрыс түрде түсіндіре алмайды. Сол себепті әйел өзін кінәлі сезінеді. "Тыңдамаса, өзі кінәлі" демей әйелді сөкпей барынша түсіндіру керек.
№6. Мұндай әйелдермен қалай жұмыс істеу керек?
Әйелдің көзқарасын, уайымын, сенімін теріске шығармай, құрметпен тыңдау қажет. Мысалы, "Көп бала болғанын қалайтыныңызды түсінемін, бірақ денсаулығыңыз үшін үзіліс алу керек. Осыны бірге қарастырайық" деуге болады.
Дәлелді ақпаратты қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Мифтерді, жалған ақпаратты дәлелді түрде теріске шығарыңыз. Сурет, диаграмма, қарапайым мысалдармен жеткізіңіз. Денсаулығы сыр берсе, одан кейінгі балаға қауіп төнетінін ескертіңіз.
Отбасымен сөйлесіңіз. Әйел өзі шешпесе онда күйеуін не енесін шақырып, жағдайды түсіндіріңіз.
Дәрігер барынша қолдау көрсетсе, адамдардың білімі артып, сенім, диалог қалыптасқанда ғана әйелдер өз денсаулығын өзі қорғап, өзі шешім шығарады.
№7. Бала көтергенде қалай күтінген жөн?
Бала көтерген соң ана мен болашақ баланың денсаулығын күту өте маңызды.
Ең алдымен дәрігерге тіркелу қажет. Жүктіліктің 6-12 аптасы аралығында әйел кеңесіне тіркелу керек. Әр триместрде УДЗ, қан, зәр талдаулары тапсырылады. Анаға не балаға қатер төнсе арнайы бақылау (стационар) қажет болуы мүмкін.
Дұрыс және теңгерімді тамақтанып, фолий қышқылы мен басқа да витаминдер ішу қажет. Витаминдердің маңызы:
- Фолий қышқылы (400–800 мкг) – жүйке түтігі ақауынан қорғайды;
- Темір (егер тапшылық болса) – анемияның алдын алады;
- Кальций – сүйек, тіс, бұлшықет дамуына қажет;
- D дәрумені – иммунитет пен сүйек жүйесіне пайдалы.
Дәрумендерді өз бетінше ішпей, дәрігермен кеңесу қажет.
Түнде кемінде кем дегенде 7–9 сағат ұйықтау керек. Сол жақ бүйірмен жатса қан айналымы жақсарады.
Қозғалып, жеңіл жаттығулар жасап тұру керек. Күніне 30 минут жаяу жүруге немесе жеңіл гимнастика, йога жасауға, жүзуге болады. Ауыр күш түсіретін спортпен шұғылдануға болмайды
Жүктіліктің әр триместрінде бақылау:
- бірінші триместр (0–12 апта): жүктілікті растау, УДЗ, анализдер, фолий қышқылы;
- екінші триместр (13–27 апта): ұрықтың дамуын бағалау, УДЗ, анемияға тексеру;
- үшінші триместр (28–40 апта): баланың салмағы, жатыр жағдайы, босануға дайындық.
Әйелдің психологиялық жай-күйі де маңызды. Эмоциялық тұрақтылық ұрықтың жағдайына да әсер етеді. Қорқыныш, күйзеліс, жалғыздық сезімі болса – психологтан кеңес алу маңызды. Туыстардың, әсіресе жұбайының қолдауы өте қажет.
Жаман әдеттерден толық бас тарту:
- темекі, электронды темекі, насыбай ұрыққа оттегіні дұрыс жеткізбейді;
- алкоголь болса туа біткен кемшіліктерге алып келуі мүмкін.
Босануға және ана болуға дайындалу:
- ана мектебіне, онлайн курстарға қатысу;
- емізуге, күтімге, балаға қажетті заттарды дайындау;
- босанатын орынды ертерек анықтау.
Жүктілік – үнемі бақылау мен күтімді қажет ететін ерекше кезең. Ана өз денсаулығына дұрыс көңіл бөлсе, соғұрлым мықты, дені сау бала дүниеге әкеледі.
№8. Әйелдің ағзасы бала туған соң қанша уақытта қалпына келеді?
Босанған соң жатыр, гормондық жүйе, қан көлемі, иммунитет біртіндеп қалыпқа келеді:
- жатырдың орнына келуі – 6-8 апта;
- қан жоғалтудан кейінгі толық қалпына келу – 2-3 ай;
- гормоналды тепе-теңдік – 3-6 ай (емізбесе);
- эндокрин жүйе (етеккір қалпына келуі) – 6-12 ай,
- иммунитет, дене күші, ұйқы – 1 жылдан астам уақыт.
Физиология ғана емес, әйелдің психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік қалпы да маңызды. Сондықтан толық қалпына келу 18 айдан 2-3 жылға дейін созылады. Бұл ДДСҰ мен көптеген халықаралық акушерлік-гинекологиялық ұйым шығарған ортақ тұжырым.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүктілік арасындағы аралық кемінде екі жыл болуы қажет дейді. Кесар тілігінен кейінгі аралық – кемінде 2 жыл, кейде 3 жыл.
№9. Неліктен аралық сақтау маңызды?
Ана денсаулығы үшін:
- теміртапшылық анемия қаупі төмендейді;
- қалқанша безі, гормондық жүйе реттеледі;
- кесар тілігінен кейінгі тыртықтың орны бекіп үлгереді;
- сүт бездері, жамбас бұлшықеттері қалпына келеді.
Бала денсаулығы үшін де маңызды. Екі баланың арасы тым жақын болса (12–18 айдан аз) ерте босану, аз салмақпен туу, ұрықтың даму ақаулары, ана сүтінің сапасы төмендеуі қаупі бар.
Психологиялық және әлеуметтік себептер:
- ана депрессияға ұшырамайды;
- алдыңғы балаға жеткілікті көңіл бөлінеді;
- отбасында жақсы қарым-қатынас болады.
№10. Ана мен бала өліміне не себеп?
Ана өлімінің негізгі себептері:
- жүктілік пен босану кезінде қан кетіп, медициналық көмек кеш немесе дұрыс көрсетілмеу;
- преэклампсия / эклампсия (жүктілік гипертониясы), яғни қан қысымы күрт көтеріліп, миға қан кету;
- жатырдың немесе босанғаннан кейінгі инфекциялар, гигиеналық талаптардың сақталмауы, кеш анықталуы;
- жасанды түсік жасаған соң болатын асқынулар: жатыр перфорациясы, инфекция, қан кету;
- созылмалы аурулар фонындағы асқынулар: қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, бүйрек жеткіліксіздігі бар әйелдер жүктілікті жоспарламаса денсаулығына қатер төнеді.
Жаңа туған нәрестелердің (перинаталдық) өлім себептері:
- шала туу – өкпесі, миы толық дамымаған, асқынуға бейім;
- асфиксия (босану кезінде тұншығу) – оттегі жетіспеуі салдарынан ми зақымдануы;
- инфекциялар – перзентханада немесе жатыр ішінде жұғуы мүмкін;
- туа біткен ақаулар – жүрек, ми, генетикалық бұзылыстар;
- анасының ауыруы – плацента жетіспеушілігі, гипоксия, қан айналым бұзылысы.
Басқа да себептер:
- медициналық көмекке кеш жүгіну: әйел жүктілігін бақылауға кеш барады және медициналық білім мен сенім жетіспейді;
- ауыл-аймақтарда инфрақұрылым әлсіз;
- кадр тапшылығы (акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог);
- жедел жәрдем жетпейді немесе медициналық жабдықтар тапшы;
- біліктілік пен стандартқа сай келмеу;
- диагностика мен ем кешіктіріледі;
- қан жоғалту немесе қысым көтерілген кезде шұғыл шешім қабылданбайды;
- контрацепция мен жоспарлаудың болмауы;
- жоспарламаған соң денсаулығына қарамай бала көтереді;
- көп бала табуға мәжбүрлеу;
- қаржылай қиындық, сауаттың болмауы, ерлердің әйел денсаулығына немқұрайлы қарауы.
Оқи отырыңыз: "Құдай қанша берсе, сонша бала туамын". Қазақстандық әйелдердің үштен бірі жүктілікті жоспарламайды
№11. Бала көтерген әйелді қалай қолдау қажет?
Бала көтерген әйел декретке шықса ол толық демалысқа шықты деген сөз емес. Бұл – физикалық, эмоционалдық және әлеуметтік тұрғыдан ең сезімтал кезеңдердің бірі. Бұл кезде жақындарының, әсіресе жұбайы, ата-енесі, әке-шешесі, бауырларының қолдауы өте маңызды.
Бәрінен де түсіністік таныту қажет. Аяғы ауыр әйел сезімтал болады, тез шаршайды. Көңіл күйі ұрықтың дамуына да әсер етеді. Әйелді тыңдап, жалғыз емес екенін айтып, қолдау көрсету керек.
Үй шаруасына көмектесіңіз. Ауыр зат көтертпеңіз.
Дұрыс тамақтануға жағдай жасаңыз. Не жегісі келетінін сұраңыз. "Тамақ дайын ба?" деп емес, "не жейсің?" деп сұрау – әйелге үлкен моральдық қолдау.
Бірге бала күтімі, бала көтеру туралы кітап оқыңыз. Онлайн курстарға бірге қатысыңыз. Дәйекті көздерден ақпарат іздеп, әйелдің жалғыз емес екенін көрсетіңіз.
Айғай-шу, жанжалға жол бермеңіз. "Ештеңе істемейсің", "бос отырсың" деп сөкпеңіз. Демалу да әйелдің денсаулығы үшін маңызды жұмыс.
Қаржылай қолдау көрсетңізі. Күнделікті қажет заттарға ақша беріңіз.
Жұбайының қолдауы өте маңызды. Құрсақтағы баламен сөйлесіңіз. Әйелдің көңілін көтеріп, бірге серуендеңіз.
Ал басқа балалары болса оларға уақытша күйеуі, ата-енесі, жақындары қараған жөн. Әйелге тынығуға уақыт беру керек.