Ана болуға дайындықты жүктіліктен кемінде 3-6 ай бұрын бастау қажет – акушер

Фото: lifehacker.ru
Фото: lifehacker.ru
Дәрігер босанғаннан кейін екі апта бойы күйзелісте жүрген аналарға психотерапевке жүгінуге кеңес берді.

Аналар күні – мейірім мен махаббатқа толы ерекше мейрам. Бұл күнді әлемнің көптеген елі секілді Қазақстан да мамырдың екінші жексенбісінде атап өтеді. Мереке аясында Informburo.kz тілшілері ана болуға дайындық жайында сөз қозғап, көптеген жанды сәбилі болуға жетелеген ҚР президенті іс басқармасы медициналық орталығының жоғары санатты акушер-гинекологі Жанна Ковальчукпен сұхбаттасып, ана болуға дайындық туралы сұрады. 

– Әйел ана болуға дайындықты неден бастау керек? Жүктілікті жоспарламас бұрын қандай тексерістерден өткен абзал?

– Ана болуға дайындық – өте маңызды және жауапты кезең, оны елемеуге болмайды. Дайындықты жүктіліктен кемінде 3-6 ай бұрын бастау қажет. Ең алғашқы қадам – салауатты өмір салтын ұстану. Яғни дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу және қимыл-қозғалыс керек. Сонымен қатар психологиялық дайындықты да ұмытпаған жөн. Ана болуға өзің, денең дайын екеніне сенімді болуың керек. Фолий қышқылын ішуді бастау қажет. 

Тексерістерге келер болсақ, жалпы қан, зәр талдауы, инфекцияларды анықтайтын талдаулар (АПВ, гепатит, сифилис, АИТВ, ЦМВ және токсоплазмоз), кіші жамбас органдарының ультрадыбыстық зерттеуі, эндокриндік жүйенің жұмысын тексеру, тазалық дәрежесін анықтайтын және онкоцитологияға жағынды тапсыру керек. Оған қоса терапевтен және қажет болған жағдайда басқа да мамандардан кеңес алған дұрыс.

– Жүктілік кезінде болашақ ананың ағзасында қандай өзгерістер болады?

– Жүктілік – әйел ағзасында физиологиялық және гормондық өзгерістер болатын кезең. Яғни әйел организмінде баланың дамуына қажет жағдай жасалады. 

Әуелі гормондық өзгерістер болады – прогестерон, эстроген, АХГ мөлшері өзгереді. Бұл барлық мүше мен жүйенің жұмысына әсер етеді. Жүрек-қантамыр жүйесіне күш түседі, қан мөлшері артады. Жатыр ұлғайып, қуықты қыса бастайды. Әйел ағзасында бөлінетін релаксин гормоны буын аралықтарын босатып, босануға дайындалады. Прогестерон ішектің жиырылуын баяулатады. Жатыр ұлғая бастағанда өкпенің көлемі кішірейіп, тыныс алу жиілейді. Сонымен қатар әйелдің көңіл-күйі өзгергіш болады. Оған ағзаның гормондық өзгерісі себеп. 

Болашақ ананың ағзасындағы кез келген өзгеріс баланың дамуы мен өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Сол себепті мұндай өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ, ол қалыпты және жүктіліктің дұрыс өтуіне аса қажет. 


Оқи отырыңыз: "Отызға дейін босану керек", "антибиотиктер зиян", "балаларды ауыстырып жіберу мүмкін". Жүктілік және босану туралы шындықтар мен мифтер


Кей әйелдер босанғаннан кейін күйзеліске түсіп жатады. Бұл қалыпты құбылыс па? Оны қалай анықтайды?

– Бұл әйелде босанғаннан кейін пайда болуы мүмкін психоэмоционалдық күй. Оны қыңырлық, шаршау немесе көңіл-күйдің жоқтығымен шатастыруға болмайды. Ол әйелдің физикалық және эмоциялық жағдайына әсер ететін, сәбиге күтім жасау мен ана болуды қиындататын күрделі бұзылыс.

Босанғаннан кейінгі күйзелістің негізгі белгілері — мазасыздық пен үнемі алаңдап жүру, жиі шаршау мен немқұрайлық, жалпы өмірге және күнделікті айналысатын істерге қызығушылықтың жоғалуы, ұйқы мен тәбет мәселелері, өзін кінәлі сезіну, әлденеге лайық санамау, көңіл-күйдің жиі өзгеруі, өзі немесе бала туралы жайсыз ойлар. 

Егер осы белгілер босанғаннан кейін екі аптадан артық байқалса және күнделікті өмірге кедергі келтіре бастаса, міндетті түрде дәрігерге және психотерапевке жүгіну қажет. Бұл жағдайды емдеуге болады, тіпті емдеу қажет.

Жанна Ковальчук. Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

– Акушер-гинеколог ретінде сіз үшін "Аналар күнінің" маңызы қандай? Жылдар бойғы тәжірибеңіз бұл мерекеге деген көзқарасыңызға әсер етті ме?

– Мен үшін бұл – өте маңызды күн. Себебі акушер-гинеколог ретінде ана болғысы келетін әйелдің маңызды кезеңінде жанында жүремін. Аналар күні біз, әйелдер, қандай ғажап қабілетке ие екенімізді, шексіз және шартсыз жақсы көре алатынымызды сезінеміз.

Мамандығым бұл мерекеге деген көзқарасымды, әлбетте, өзгертті. Мен ана болу үшін әйелдер қандай қиындықтан өтетінін көріп жүрмін. Жүктілік, қорқыныш, босану, ұйқысыз түндер – бұл әйел жүріп өтетін жолдың кішкене ғана бөлігі. Олардың мықтылығына таңғаламын, құрметтеймін. Ана болу – босану ғана емес, таңдау, төзім, күн сайынғы қамқорлық.  

– Жүктіліктен бастап босануға дейін қараған алғашқы пациентіңіз есіңізде ме? Сол кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, есімде. Ол кезде мен медициналық академияның студенті едім, тәжірибем жоқ. Бір жағынан ерекше, толғандырарлық сезім болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол келіншекпен бірге үйрендім, дамыдым. Пациент аман-есен қол-аяғын бауырына алғаннан кейінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкен жетістікке, жеңіске жеткендей болдым.

– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Ана болу сіздің өміріңізге қалай әсер етті және анаңыздан өмірлік маңызы бар қандай сабақ алдыңыз?

– Ана болғалы мен өмірге басқаша қарай бастадым. Ана болу – қамқорлық пен жауапкершілік қана емес, ол – жыл сайын арта беретін шартсыз махаббат. Ана болғалы мен жұмсақ, көңілшек, шыдамды, әр нәрсеге мән беретін болдым. Баламмен өткізетін өз сәтті бағалауды үйрендім. 

Анама келер болсам, оның даналығы, өмірлік тәжірибесі мен еңбексүйгіштігі маған қазірге дейін көмектесіп келеді. Өзім ана болып отырсам да, анам үшін мен әлі сол баяғы кіп-кішкентай қызбын. Өмірімдегі маңызды сәттің бәрін анаммен бөлісемін, оның ыстық құшағына асығып тұрамын. 

– Аналар күнінде аналарға қандай тілек айтар едіңіз?

– Барлық ананы осындай ерекше күнмен құттықтай отырып, балаларына сіңіріп жатқан тәрбиесі, беріп жатқан махаббаты мен қамқорлығы үшін алғыс айтқым келеді. 

Сіздер болашақты қалыптастыратын, тұлға тәрбиелейтін, тұтас ұрпаққа тірек болатын жансыздар. Аналар – ошақтың ұйытқысы ғана емес, баласының бақыты үшін қаншама қиындықтан қасқайып өтетін, тіпті жанын құрбан етуге дайын нағыз батырлар.

Әр анаға денсаулық, күш-қуат, жан-дүниесінің үйлесімін, тыныштығын тілеймін. Жақындарыңыздың сүйіспеншілігі мен қолдауын үнемі сезініп жүрсеңіздер екен. Балаңыз үшін кеудеңізді мақтаныш кернеп, көзіңіз бақыттан бал-бұл жайнап тұрсын! Сенімдеріңіз үшін, осындай маңызды жолды менімен бірге жүріп өтетіндеріңіз үшін алғыс айтамын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары