Саяси қуғын-сүргін ұлттың иммунитетін әлсіретті

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жеті ағайынды жұттың жетіншісі – 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін деп есептейді.

Қазақ "Жұт жеті ағайынды" деп бекер айтпаған. Өткен ғасырда "жеті басты жалмауыз" іспетті аранын аша келген нәубеттер халқымызды біржола жойып жіберуге шақ қалды.

Алапат апат 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістен басталды. Бодандық езгіге қарсы бас көтерген халық аяусыз басып жаншылды. Салдарынан бейбіт ауылдар, бейкүнә жандар қырғынға ұшырап, ел үдере көшті. 

Екінші апат осы зобалаңға ілесе келген қос төңкеріс еді. Ұлт зиялылары Патша тақтан тайған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін "қазақ енді өз алдына дербес ел болады" деген үмітпен, қуанышпен қарсы алған болатын. Алайда, көп ұзамай большевиктерді билікке әкелген Қазан төңкерісі еліміз үшін салдары талай жылдарға созылған аса ауыр зобалаңның басы болды. Бейбіт халық ақ пен қызылдың арасындағы атыс-шабыстың құрбанына айналды.

Есеңгіреген елді бір-бірінен айырып, бауырлас халықтардың арасын алшақтатып жіберген межелеу саясаты да апаттың бір парасы еді.

Алапат аштық жылдары қаймана қазақ тағы да қынадай қырылды. Бұл – "жұттың төртінші ағайыны" еді. Адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша, тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Жиыр­масыншы, отызыншы жылдардың басындағы аштықта қазақ халқы жартысынан айырылды. 


Оқи отырыңыз: 3 миллион адамның өмірін қиған ашаршылық: тың деректер мен естеліктер


Бесіншіден, белең алған аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары асқан қатыгездікпен жүзеге асырылған бұл дүрбелең "аша тұяқ қалмасын" деген қызыл кеңірдек ұранға ұласты.

Қазақтың қолында тігерге тұяқ қалдырмауды көздеген зұлымдық ұжымдастыру науқанына ұласты. Елдің дәстүрлі шаруашылығына жа­салған бұл қастандық қолында малы бар ауқатты байлардың шекара асуына себепші болды. Көпшілігі шекарадан өтерде қызыл әскердің қолынан мерт болып, сүйегі сай-салада шашылып қалды.

Жұттың жетінші ағайыны – 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін. Бұл – ел басына түскен ең сұмдық зұлматтың бірі еді. Өйткені, бұл нәубет халқымыздың ақыл-ойын, елге пана, жұртқа басшы болған Алаш арыстарын – ұлт зиялыларын қынадай қырды, ұлттың иммунитеті әлсіреді. 

(Жазба сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің Facebook парақшасынан алынды)

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале

Новости партнёров