2025 жылы құрбан айт 6-8 маусымда тойланады. Құрбан шалу тәртібі қандай

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Бірнеше жылдан бері Қазақстанда құрбанды онлайн шалу мүмкіндігі бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл онлайн құрбан шалуға арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Онлайн түрде құрбан шаламын деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, тапсырыс сомасын онлайн төлей алады. Биыл да құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта қатар жүзеге асырылады.

Осы орайда Информбюро порталы қалай онлайн құрбан шалу тәртібін түсіндіреді.

№1. Құрбан шалу кімдерге міндет?

Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Шариғат бойынша "бай" деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі) немесе 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажетінен артық 85 грамм алтын (1,2 млн теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.

Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, муқим (тұрақты), әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылады. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған, қажыға барған (меккеліктен басқа) және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес.

№2. Құрбан шалған адамға қандай сауап жазылады?

Құрбан шалу құлшылығы адамды ақыретте сый-сыяпатқа, мол сауапқа ке­нелтеді. Құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатыны айтылған. Алланың берген нығметіне шүкіршілік етудің бір жолы – Алла жолында мал-дүниені жұмсау. Құрбандық шалу – Аллаға шүкіршілік етудің бір көрінісі.

Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті артырады. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қы­лықтарын бауырмалдық, жомарттық, кі­шіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады.

№3. Біреуге тапсырыс беріп құрбан шалуға бола ма?

Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді.

Мұхаммед Пайғамбар Хаким ибн Хизамға құрбандық сатып алуға тапсырыс берген. Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға  да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп тағайындайды да оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас "уакалат" деп аталады.


Оқи отырыңыз: Марқұмның атынан құрбан шалуға бола ма? Құрбан айтқа қатысты білу керек деректер


№4. Тапсырыс қай күнге дейін қабылданады?

Тапсырыстар мен өтініштер маусым айының 8-і күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады.

№5. Тапсырыс берерде қандай мәлімет енгізу қажет?

"Құрбан шалу" деген бөлімді таңдап, мына мәліметтерді енгізіңіз:

  1. Өңірді таңдаңыз.
  2. Толық аты-жөніңізді жазыңыз.
  3. Телефон нөміріңізді енгізіңіз.
  4. Құрбандық малын таңдаңыз.
  5. Ең соңында тапсырыс сомасы шығады. Оны Kaspi QR арқылы төлеңіз.
  6. Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға SMS хабарлама келеді.

№6 Құрбандық малының бағасы қанша?

ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Қазақстанның әр аймағында малдың бағасы әртүрлі:

  • қой – 60-100 мың теңге аралығында;
  • ешкі – 50-75 мың теңге аралығында;
  • ірі қара – 400-700 мың теңге аралығында;
  • түйе – 700 мың мен 1,1 млн мың теңге аралығында.

Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады.

Бұл бағаға қасапшының еңбекақысы, тоңазытқыш көліктерде етті сақтау, пакетке салусекілді мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізу үшін барлық қызмет түрлері кіреді 

№7. Сайт тәулік бойы жұмыс істей ме?

Иә. Бірақ тапсырыстар мен өтініштер түнгі уақытта қаралмайды.

№8. Тапсырыс нөмірін сақтамай, ұмытқан жағдайда не істеуге болады?

Сайттың басты бетінде "Құрбандық шалынғандығы туралы мәлімет" деген батырманы басып, тапсырыс берген телефон нөміріңізді қайта жазыңыз. Сонда өзіңізге қажет толық ақпаратты ала аласыз.

№9. Өңірлер тізімінде неге менің өңірім жоқ?

Онлайн құрбандық тапсырысы тек облыс орталықтары бойынша қабылданады. Сондықтан өзіңізге жақын аймақты таңдаңыз.


Оқи отырыңыз: Құрбан шалу тәртібіне қатысты 8 сұраққа жауап


№10. Төлем қалай қабылданады?

Төлемді қолма-қол беруге болмайды, тек онлайн қабылданады. Тапсырысқа байланысты ақша аударымын тек Kaspi Gold картасы арқылы жасай аласыз.

№11. Қате енгізілген мәліметті қайта жөндеуге бола ма?

Жоқ. Қате жіберсеңіз қайтадан өтініш бересіз.

№12. Құрбандық малы қай күндері шалынады?

Құрбан шалу 6 маусым күні құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні 8 маусымда күн батқанға дейін жалғасады.

№.13 Қарыз алып құрбан шалуға бола ма?

Егер бір адамға құрбандық шалу уәжіп болса, алайда қолында ақшасы болмаса, қарыз алуы міндетті. Ал егер оған құрбан шалу уәжіп болмаса, өзі мұқтаж адам болса, оған құрбандық шалу үшін қарыз алу дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала пенделеріне шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді. Ол туралы Құранда былай делінген: "Алла ешбір жанға күші жететінінен басқаны жүктемейді".

№14. Құрбан шалу рәсіміне қатысуға бола ма?

Онлайн тапсырыс негізінде құрбан шалынатындықтан, құрбан шалу рәсіміне қатыса алмайсыз.

№15. Құрбандық үлесін қалай алады?

Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін qurban.muftyat.kz сайтында өтініш бере алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.

Шалынған құрбандық еттері толықтай мұқтаж жандарға таратылады.

№16. Құрбан етін алу үшін қалай өтініш береді?

Сайтта "Құрбан етін алу" деген бөлімді таңдап, мына мәліметтерді енгізіңіз:

  • ЖСН;
  • Толық аты-жөні;
  • Телефон нөмірі;
  • Өңірді таңдау;
  • Әлеуметтік жағдайы;
  • Етті жеткізетін мекенжай;
  • Жағдайын қысқаша түсіндіру;
  • Әлеуметтік жағдайын растайтын құжатты жүктеу (құжат PDF, JPEG форматында және өлшемі 5 мб-тан аспауға тиіс).

№17. Құрбан етін алуға кімдер өтініш бере алады?

Мына адамдар:

  • көпбалалы отбасы;
  • мүмкіндігі шектеулі отбасы;
  • жалғызбасты,
  • басқа.

Ауқатты және мұқтаж емес адамдар өтініш бере алмайды. Шын мәнінде қиын жағдайда қалған мұқтаж жандарды ойлап, түсіністік танытуды сұрайды. Жәрдемге мұқтаж жандар құрбандыққа шалынатын малдың санына қарай көмек алады. 

№18. Құрбандықты өзге адамның атынан шалуға бола ма?

Әрине болады. Ол үшін тапсырыс бергенде құрбан шалдырушының аты-жөні деген жолаққа жазасыз.

№19. Дүниеден өткен адамның атынан құрбан шалуға бола ма?

Дүниеден озған адамның атынан сауап ниетінде құрбан шалуға болады. Бірақ мойнына құрбан шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиіс. Марқұм үшін құрбан шалғысы келген адам оны құрбан айт күндері орындауы шарт. Құрбандық етінен құрбан шалған адамның өзі де, басқалар да жесе болады.
Егер құрбан шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, құрбандық етін оның мұрагерлері жей алмайды. Құрбандықты түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратып беру керек.

№20. Құрбан шалынғанын қайдан білуге болады?

Құрбандығыңыз шалынған соң сізге, тапсырыс беру кезінде Құрбандық есебі қажет деп белгілеген жағдайда Whatsapp желісі арқылы есебі келеді. Сондықтан құрбандық туралы фото және бейне есеп алуыңыз үшін WhatsApp мессенжері болу міндетті.

Сайтта "Құрбан шалынды" деген бөлім бар. Ол жерде телефон нөмірін енгізіп, құрбан шалынғандығы туралы мәліметті тексеруге болады.

Серіктестер жаңалықтары