
Қазақстанда ел үшін тер төккен, ерлік көрсеткен немесе ғылым мен мәдениетте елеулі еңбек еткен азаматтар елеусіз қалмайды. Олардың есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылып, ең жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады. Қазақстанда осындай қанша марапат бар? Оны алу үшін қандай талаптарға сай болу қажет? Алған адамға қандай жеңілдік беріледі? Informburo.kz түсіндіреді.
Ең жоғарғы дәрежелi марапаттар
"Алтын қыран" ордені

"Алтын Қыран" орденi – Қазақстандағы ең жоғары дәрежелi марапат. Ол Қазақстан Республикасына сiңiрген ерекше мемлекеттiк еңбегi үшiн беріледі. Үміткерлерді Қазақстан президенті анықтайды.
Марапат 1995 жылдан бері тағайындалады. 30 жыл ішінде бұл орденмен барлығы 24 адам ғана марапатталған. Олар: әртүрлі елдердің президенті, үкімет басшысы және монархы.
Орден 585 және 750 сынамалы ақ, қызыл және сары түсті алтын қорытпаларынан бес бұрышты жұлдыз түрінде жасалған, маңдайында үш рубин орнатылған

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің өзі лауазымы бойынша ерекше үлгідегі "Алтын Қыран" орденінің иегері болады.
"Халық қаһарманы" атағы

"Халық қаһарманы" ордені 1993 жылы тағайындалған және "Алтын Қыран" орденімен қатар Қазақстандағы ең жоғары дәрежелі марапаттардың бірі болып саналады. Бұл атақ ел алдындағы айрықша еңбегі, сондай-ақ елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы жауынгерлік ерлігі үшін беріледі.
Бүгінгі күнге дейін "Халық қаһарманы" атағына 37 азамат ие болған. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, генералдар, жазушылар, композиторлар, режиссерлер және басқа да қоғам қайраткерлері бар. Бұл атақпен бірге иегерлеріне айрықша ерекшелік белгісі — "Алтын жұлдыз" және "Отан" ордені табыс етіледі.
Орден тегіс екіқырлы нұрлары бар жетіұшты жұлдыз пішінінде жасалған. Жұлдыз нұрының арасына жеті түссіз фианит қойылған.
"Қазақстанның Еңбек Ері" атағы

"Қазақстанның Еңбек Ері" ордені елдің экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамуына қосқан аса зор үлесі үшін беріледі.
Бұл ерекшелік белгісі мәртебесі жағынан "Алтын Қыран" және "Халық Қаһарманы" ордендерімен бір деңгейде тұр, алайда ол әлдеқайда кейінірек – 2008 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Бүгінге дейін бұл атақпен 57 адам марапатталған.
Алқа алтынның қорытпасынан жеті сәулелі көлемді жұлдыз түрінде орындалған.
Қазақстан Республикасының ордендерi
"Отан" ордені

"Отан" ордені 1993 жылы құрылған. Осы орденмен азаматтар мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі, экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытудағы, мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметтегі, демократия мен әлеуметтік прогресті дамытудағы ерекше еңбегі үшін марапатталады. Бұл марапат 200-ден астам азаматқа берілген.
Дөңгелек пішінді орденнің ортасына Елтаңба бедерленіп, оның астында күннің шапақты сәулесіне ұқсас нақыш және айналдыра бидай масағына ұқсас бедер бейнеленген.
"Барыс" ордені

"Барыс" ордені 1999 жылы құрылған. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайтудағы, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етудегі, мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы айрықша еңбегі үшін беріледі.
Сонымен қатар ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен оларды өзара байытуда, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды нығайтуда ерекше көзге түскен азаматтар да осы орденмен марапатталады.
Орден үш дәрежеден тұрады және марапаттау III дәреже, II дәреже, I дәреже ретімен жүргізіледі. Дегенмен, мемлекет басшысының шешімімен ерекше жағдайларда айрықша көзге түскен адамға бірден жоғары дәрежедегі орден берілуі мүмкін.
Осы уақытқа дейін "Барыс" орденінің үш дәрежесімен де марапатталған 6 адам бар.
"Даңқ" ордені

"Даңқ" ордені Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлерінің және әскери құралымдарының, арнаулы мемлекеттік органдарының жоғары офицерлік құрамдағы адамдары, сондай-ақ прокуратура, ішкі істер органдарының жоғары басшы құрамдағы адамдарды марапаттауға арналған.
Орден әскерге басшылық жасау және оларды басқару ісіндегі табысы, әскердің жоғары жауынгерлік даярлығы және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз еткені үшін, әскери, шекаралық және ішкі қызметті үздік ұйымдастырғаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті сақтауды нығайтқаны үшін беріледі.
Бұл орден 1993 жылы тағайындалып, 1999 жылдан бастап екі дәрежеге бөлінді. Марапаттау II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.
"Айбын" ордені

"Айбын" ордені Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың әскери қызметшілері, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың, прокуратура, ішкі істер органдарының қызметкерлерін марапаттауға арналған.
Ол жауынгерлік әзірлікте, әскерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда және жаңа әскери техниканы игеруде, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табысы мен әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін беріледі. Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл орденмен марапатталғандардың саны 700-ден асады.
"Айбын" ордені үш дәрежеден тұрады:
- Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі және Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі "Айбын" ордендерімен офицерлердің кіші және аға құрамдарындағы адамдар марапатталады;
- Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі "Айбын" орденімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар марапатталады.
"Парасат" ордені

"Парасат" орденi азаматтарға ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлерi, мемлекет және қоғам қайраткерлерi, сондай-ақ Республиканың рухани және интеллектуалдық әлеуетiн дамыту мен молайтуға зор жеке үлес қосқан немесе адам құқықтарын және оның әлеуметтiк мүдделерiн қорғау жөнiндегi белсендi қызметi үшiн беріледі.
Орден 1993 жылы құрылған. Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл орденмен марапатталғандардың саны 700-ден асады.
Орденнің ортасында “Парасат” деген жазу бар, шеңбердің сырты кристалл тектес сегіз үшкіл шашыраңқы өрнекпен көмкерілген. Шеңбердің ортасында тазалыққа меңзейтін қар кристалына ұқсас бедер жасалған.
"Достық" ордені

"Достық" орденi қоғамда өзара татулықты сақтауда жемісті қызмет еткен, халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше еңбек сіңірген азаматтар марапатталады.
Орден 1995 жылы құрылған. Ол екі дәрежеден тұрады және марапаттау кезінде реттілік ескерілімеуі мүмкін. Осы уақытқа дейін жалпы саны 340-тан астам адам марапатталған. Марапатталғандардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, саясаткерлер, ғылым мен өнер қайраткерлері, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан тұлғалар бар .
"Ел бірлігі" ордені

"Ел бірлігі" ордені ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен азаматтарға беріледі. Ол 2023 жылы пайда болды. Содан бері 20-дан астам адам осы орденмен марапатталды.
Орден екі қабатты сегіз бұрышты жұлдыз пішінінде жасалған. Қаптамасы ақ түсті металлдан, яғни 999 сынамалы күміс қорытпасы мен алтын жалатылады.
"Құрмет" ордені

"Құрмет" орденi экономиканы, әлеуметтiк саланы, ғылым мен мәдениеттi, бiлiм беру iсiн дамытуға еңбек сіңріген, мемлекеттiк органдарда мінсіз қызмет еткен және қоғамдық қызметте белсенді болған азаматтарға беріледі. Марапат 1993 жылы пайда болған.
Орден белгісі күмістен дайындалады және алтын жалатылған бесқырлы жұлдыздан тұрады, оның ұштары жасыл түсті эмальмен жабылған және қазақ оюының элементтері бар.
"Еңбек Даңқы" ордені

"Еңбек Даңқы" орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да салалардың жұмыскерлері кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдардағы жемісті еңбегі үшін, сондай-ақ тиісті салалардағы жоғары көрсеткіштері үшін марапатталады.
Орден үш дәрежеден тұрады және марапаттау III дәреже, II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі. "Еңбек Даңқы" орденінің үш дәрежесін де алған адам мәртебесі бойынша "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдармен теңестіріледі.
"Еңбек даңқы" ордені бірінші рет 2015 жылы тапсырылды. Бұл марапатқа алғаш ие болғандар қатарында Атырау қаласынан "Каспий Құбыр Консорциумы-К" АҚ операторы Е.Жұмағалиев, Қарағанды облысының Теміртау қаласынан "АрселорМиттал Теміртау" АҚ темір кесушісі М.Ибраев және Алматы облысынан "Алматы" асыл тұқымды зауыты" АӨК аға шопаны К.Сейтенбекова бар.
Медальдар

"Ерлiгi үшiн" медалi суға кету, өртке душар болу, дүлей апаттар сияқты жағдайларда адам өмiрiн сақтап қалған, қылмысқа қарсы күресте ержүректік танытып, жанқиярлық көрсеткен азаматтарға беріледі.
"Жауынгерлiк ерлiгi үшiн" медалi Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының әскери қызметшiлерi, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың, прокуратура органдарының қызметкерлері, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне беріледі. Атап айтқанда әскери бөлiмнiң, бөлiмшенiң жауынгерлiк мiндеттердi ойдағыдай орындауына жәрдемдесетiн ұрыстағы, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрестегi бiлгiр, бастамашыл әрi батыл iс-әрекетi үшiн, мемлекеттiк шекараны қорғау кезiнде көрсеткен ерлiгi үшiн және қызмет өткеру кезiнде сiңiрген қызметi үшiн табысталады.
"Ерен еңбегi үшiн" медалiмен экономика, әлеуметтiк сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттiк қызметте табысты еңбек еткен азаматтар марапатталады.
"Шапағат" медалiмен белсендi және жемiстi қызмет еткен азаматтар мейiр-шапағаты мен қайырымдылығы үшiн наградталады.
Қазақстанның құрметті атақтары
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" – Қазақстан Республикасына сіңірген зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік саланың өкілдеріне беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" – аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін педагогтерге беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" − денсаулық сақтау саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін медицина қызметкерлеріне беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, ғылым және техника саласындағы аса үздік жетістіктері үшін ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар ғалымдарға беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген инженері" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, энергетика, байланыс, жобалау саласында жұмыс істеген және технологияларды дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, құрылыс, сәулет және жобалау саласында жұмыс істеген, құрылыс техникасын дамытуға және жетілдіруге елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, Қазақстан Республикасының өнеркәсіп, металлургия, технологиялар, автоматтандыру және басқа да салаларын дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен шахта құрылысын дамытуға, жаңа техника мен технологияларды зерттеу мен жетілдіруге елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге, сондай-ақ кәсіпорындағы аварияларды жою және жазатайым оқиғалардың алдын алу кезінде көрсеткен бастамасы мен батылдығы үшін кеншілерге беріледі;
"Қазақстанның еңбек сіңірген геологы" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, геологиялық барлау өндірісіне озық технологияларды енгізгені және жер қойнауын барлағаны үшін, минералдық-шикізат базасын, геологиялық барлауды құрғаны үшін, геологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, топографиялық-геодезиялық қызметтер мен геологиялық-зерттеу ұйымдарын дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге беріледі;
"Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" – белгіленген ғарыштық ұшу бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған, алдарына қойылған ғылыми-техникалық, зерттеушілік және практикалық міндеттерді мінсіз орындаған азаматтарға беріледі;
"Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, көлік саласында жұмыс істеген теміржол, әуе, су, автомобиль, құбыржол көлігі және басқа да көлік түрлерінің қызметкерлері мен жұмыскерлеріне, сондай-ақ тасымалдау және көлікте көрсетілетін қызметтер сапасын жетілдіргені, материалдық және отын ресурстарын үнемдегені үшін, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғауды жақсарту бағытында елеулі үлес қосқан басқа да жұмыскерлерге беріледі;
"Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен жұмыскерлеріне, оның ішінде малшыларға, өсімдік өсірушілерге, фермерлерге, агрономдарға, ветеринарларға, бағбандарға және аграрлық саланың басқа да жұмыскерлеріне, сондай-ақ ғылыми және басқа да ұйымдардың, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына қызмет көрсететін ұйымдардың ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жұмыскерлеріне беріледі;
"Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері" – бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған, су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге, гидротехниктерге, мелиораторларға беріледі;
"Қазақстанның халық әртісі" – бұрын "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" және "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болған, Қазақстан Республикасының театр, цирк, музыка өнері мен кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан адамдарға беріледі;
"Қазақстанның халық жазушысы" – бұрын "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болған, Қазақстан Республикасының әдебиетін дамытуға айрықша үлес қосқан адамдарға және әдебиет саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттарына беріледі.
Көп балалы аналарға арналған наградалар

"Алтын алқа" алқасымен Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар наградталады.
"Күмiс алқа" алқасымен Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар наградталады.
Марапаттар қандай жеңілдік береді?
"Отан" орденіне немесе "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденіне ие болған азаматтар Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енеді.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар тұрғынжаймен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі және ай сайын мемлекеттік жәрдемақы алады.
"Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағына ие болған педагогтер "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес 1000 АЕК көлемінде біржолғы төлем алады.
"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағына ие болған медицина қызметкерлері "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" заңға сәйкес 1000 АЕК көлемінде біржолғы төлем алады.
Марапатты жоғалтып алса, не болады?
Мемлекеттік марапатты жоғалтқан жағдайда оның түпнұсқасы қайта берілмейді. Алайда азамат орден немесе медальді табиғи апат салдарынан жоғалтып алса, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы мен Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның шешімі бойынша қайта берілуі мүмкін.
Наградалар мен оларға тиесілі құжаттар мұрагерлерге өтеді. Мұрагерлердің келісімімен оны музейлерге тапсыруға болады. Егер мұрагерлер болмаса, наградалар мемлекетке қайтарылады.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар марапаттарды шет елге алып шыға алады. Құрамында бағалы металдар бар мемлекеттік наградаларды елден шығару тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
Мемлекеттік наградадан айыру мүмкін бе?
Иә, бұл Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы" заңында қарастырылған. Егер награда иесі қылмыстық жазаға тартылса, онда ол мемлекеттік наградадан айырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда награда қайтарылады.
Сондай-ақ Қазақстан заңнамасында мемлекеттік наградаларды сату, сатып алу, айырбастау немесе өзге де ақылы жолмен беру, сондай-ақ басқа да заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.