
Қала іргесінде қамыс өртеніп, тұрғындар үш күннен бері таза ауа жұта алмай отыр. Күн сәулесі көрінбей, халық терезе ашудан қалған. Түтіннің иісі мұрынды қысып, көз ашытатын деңгейге жеткен. Осы себепті тұрғындар көшеге тек бетпердемен шығуға мәжбүр. Қызыл жалын ырыққа көнбей, шамамен 1000 гектар аумақты шарпыған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты аумағында қамыс бірнеше жерде түтіндеп, әлі де жанып жатыр. Соның салдарынан қала аспанын қалың түтін басып, тұрғындардың тыныс алуы қиындаған. Ыстың иісі бірнеше минутта киімге сіңіп кетеді. Бұл жерде тіпті бетпердемен жүрудің өзі қиын.
Қала тұрғындары бірнеше күннен бері таза ауаға зар болып отыр. Түтінге тұншыққан жұрт далаға шығудан, терезе ашудан қалғанын айтып шағымдануда.
Өрт үш күн бұрын басталған. Қамыс қағаздай қаулап жанып, өртті ауыздықтау қиынға соққан. Төтенше жағдайлар қызметі тікұшақ арқылы 30 тоннаға жуық су шашып, тілсіз жауды тоқтатуға тырысқан.
"Қазіргі таңда өрттің себебін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр. Өрт толық сөндірілгеннен кейін минералды жолақтар жасау жұмыстары жүргізіледі. Рейдтік және түсіндіру шараларын қолға алдық. Бұл – биылғы жылы резерват аумағындағы алғашқы өрт оқиғасы", – деді Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дәурен Берденов.
Оқи отырыңыз: Құрбан айт – 2025: ҚМДБ айт намазының кестесін жариялады
Соңғы мәліметке сәйкес, 980 гектар аумақ жанып кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстарға да зиян келмеген
"Қазіргі кезде өрт ошақтары бірнеше жерде сақталған. Оларды толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр судың көп келуіне байланысты құрғақ алқаптар суға толып, соның орнына қамыс өсті. Биыл су келмеуіне байланысты қамыс кеуіп, күннің ыстығында тез тұтанған", – деді "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватының күзет бөлімінің орынбасары Әлімғали Дәулбаев.
Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия өрттің нақты себебін анықтауға кірісті.