
Денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін сотталған ер адам Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды ҚР бас прокуратурасы.
"Ол 2023 жылы Риддерде алкогольдік ішімдік ішу барысында жәбірленушімен жанжал негізінде өзінде болған жиналмалы пышағымен оның басы мен денесіне көптеген соққылар жасаған. Уақтылы көрсетілген медициналық көмекке байланысты жәбірленуші құтқарылды", – делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша, ол бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталып, алайда өзіне жүктелген міндеттерді орындамай, қылмыстық жазасын өтеуден жалтаруына байланысты халықаралық іздеу жарияланған.
"Былтыр қыркүйекте іздестірудегі адам Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сотталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ол екі жылдан астам мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі керек болады.