"Қазақша сөйлеңіз". Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басшысы алаяқтармен күрес туралы

Фото: banki.ru
Фото: banki.ru
Руслан Әбдіқалықов телефон алаяқтарына жауап берудің үш тиімді жолын атады.

Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов Мәскеуде өткен Positive hack days фестивалінің аясында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, телефон алаяқтарынан қорғану мен құтылудың жолдарын атады. 

"Киберқауіпсіздік 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет оған миллиардтар құйғанымен, бәрібір алаяқтар оны айналып өтетін жолды табады. Сондықтан, ел азаматтарын алаяқтарға әрекет етуге үйреткен әлдеқайда тиімді. Алаяқ қоңырау шалып тұрғанын сезсеңіз, телефонды қоя салыңыз. Болмаса, қазақша сөйлеп, қазақша жауап беріңіз. 99 пайыз жағдайда бұл мәселені шешетініне сенімдімін. Өйткені, алаяқтардың көбі басқа елдерден хабарласады және олар негізінен орыстілді", – деді Руслан Әбдіқалықов. 

Ақпараттық қауіпсіздік маманы ұсынған үшінші жол – телефон тұтқасын қойып, банк менеджеріне хабарласу арқылы ақпараттың рас-өтірік екенін тексеру. 

"Банкте сіздің есепшотыңызға қатысты бүкіл ақпарат болады. Егер шотыңызға қатысты күмәнді операциялар жасалса, шотыңызға кіруге әрекеттер болса – мұның бәрін банк менеджері тексеріп бере алады", – деді Руслан Әбдіқалықов.


Оқи отырыңыз: Ұлттық банк пен телеком операторлары антифрод орталықтарын біріктіруде. Бұл не үшін қажет


Комитет төрағасының айтуынша, алаяқтардың күш алуына ел азаматтарының жеке мәліметтерінің жария болуы негіз болып отыр. Бұл ретте, бір жағынан азаматтардың өзі әлеуметтік желіде жеке мәліметтерін белсенді жариялайтын болса, екінші жағынан жеке мәліметтердің интернет желісіне тарап кететін кездері де жиі кездеседі. 

"2019 жылы Қазақстан азаматтары туралы 11 миллион жазба интернет желісіне тарап кетті. Ол әлі күнге дейін қолжетімді және кибералаяқтар үшін азық болып келе жатыр. Өкінішке орай, интернет ештеңені ұмытпайды. Өткен жылы да микроқаржы ұйымдарының бір желіге дербес мәліметтердің таралуына жол беріп алды. Ашық дереккөздер, жария ақпарат алаяқтарға күш береді. Тіпті, адамдарды қорқыту-үркіту, алдау арқылы тек есепшотындағы ақшасын ғана емес, сондай-ақ пәтері мен көлігін сатып, соның ақшасын аудартып отырған жағдайлар бар", – деді маман. 

"Гпиноз тәсілі қолданыла ма?" деген сауалға Руслан Әбдіқалықов: "Жоқ. Алаяқтар одан гөрі әлеуметтік инженерия тәсілдері көбірек іске асырады", – деп жауап берді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары