
Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен "Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары" VІ Республикалық имамдар форумы басталды. Шарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы оқып берді, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
"Ислам – ұлтымыздың ұстыны, руханиятымыздың алтын діңгегі. Асыл дініміз ғасырлар бойы халқымыздың жан дүниесімен біте қайнасып, ұлттың ұйысуына арқау болып келеді. Дәстүрлі ислам құндылықтары – елімізде салтанат құрған ырысты ынтымақтың қайнар көзі. Бүгінде конфессияаралық татулықтың Қазақстанға тән бірегей үлгісін бүкіл әлем мойындайды. Биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі – осының айқын дәлелі", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қарилар алқасы құрылды
Мемлекет басшысы азаматтардың өзара сенімін нығайту және жауапкершілік, жанашырлық, әділдік сияқты қағидаттарды орнықтыру – қашанда басты міндет екенін атап өтіп, бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
"Имамдар қоғамдағы игі бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып, жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғауға, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге табысты түрде атсалысып жүр. Біз – озық ойлы ұлт болуға ұмтылған елміз. Қазақстанның әрбір тұрғыны Адал азаматқа тән қасиеттерді бойға сіңіру үшін төл құндылықтарымыз бен ата дінімізге арқа сүйеудің мән-маңызы зор", – делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Республикалық имамдар форумында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
"Ислам – қоғамдық келісім мен татулықтың кепілі. "Мұсылман – мұсылманға бауыр" деген қағида қазақ даласында ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында ұйыстыруға қызмет етті. Имани бауырластықты басты ұстанымға айналдырған дана халқымыз, әрдайым бірлікті ту етіп ұстады. Қазақ даласындағы дәстүрлі Ислам құндылықтары – ұлт руханиятының алтын қазығы. Бұл құндылықтар – тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да темірқазығы. Ендеше, рухани мұрамызды жаңғыртып, дін мен дәстүрдің жарасымын сақтау – баршамыздың ортақ борышымыз", – деді діни басқарма төрағасы.