
Марқұм Шерзат Полат ісіндегі прокурор Дана Сәрсембай оқиға болған жерде жүрген Елмира Нұрбекова мен Дана Жақсылыққа қатысты Алматы облыстық полиция департаментіне жеке қаулы шығаруды сұрады. Прокурордың айтуынша, екі азамат сотта жалған куәлік етіп, істің мән-жайын бұрмалауға тырысып отыр.
"Біз бұл процеске ақ пен қараны айырып, шындықты қалпына келтіріп, әділет орнату мақсатында жиналдық. Алайда, шындықты ашу жолында сотта әдейі жалған мәлімет беріп, істің мән-жайын бұрмалауға тырысатын адамдар бар екені анық байқалып отыр. Атап айтқанда, сот отырысында Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді оқиға болған сәтте оқиға орнында болғанын растағанымен, өздерін шок жағдайда болғанын, кейбір жайттарды көрмегенін және орын алған жағдайларды хабарлауға мүмкіндік болмағанын, себебі қатты қорыққанын алға тартты. Алайда, тергеу барысында алынған нақты дәлелдер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді теріске шығарады. Атап айтқанда, "Тойота Прадо" маркалы автокөлігінен алынған бейнежазбада, оқиғадан кейін олар өзін еркін, дөрекі әрі ешбір үрей немесе күйзеліс байқатпай, сотталушылармен бірге көңілді отырғаны анық көрінеді. Бұл олардың шок жағдайында болмағанын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, қасақана үнсіздік танытқанын көрсетеді", – деді прокурор Дана Сәрсембай.
Ары қарай прокурор қос азаматтың бейнематериалдардағы сөзін келтірді. Айтуынша, бұл әрекеттері үшін заң бойынша жауапкершілікке тартылуы тиіс.
"Сондай-ақ бейнематериалда олардың бір-біріне: "Ауыздарыңнан ештеңе шығып кетіп жүрмесін", "ештеңе көрмедіңдер деңдер" деген сөздері жазылып қалған. Алайда, сот барысында аталған куәлар автокөлікте болған жағдайды жасырып, жалған жауап берген. Куә – шындықты айтуы тиіс тұлға. Куәлікті бұрмалау немесе шындықты жасыру – заң бойынша жауапкершілікке тартылатын әрекет. Осыған байланысты, бұл фактілер бойынша тиісті тексеру жүргізіп, процессуалдық шешім қабылдау қажет деп санаймыз. Аталған мән-жайларды тексеру үшін Алматы облыстық полиция департаментіне жеке қаулы шығаруды сұраймыз", – деді прокурор.
Еске салсақ, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан қаза болды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.
21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.
2 маусымда Талдықорғанда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша пікірталастар басталды. Айыпталушылар орнында тоғыз адам бар. Олардың біреуі кәмелетке толмаған. Айыпталушылардың ешқайсысы өз кінәсін толық мойындамады.