
Meta компаниясының Instagram желісі үшін әзірлеген Threads қосымшасы алғаш іске қосылғанда, қазақстандық желі қолданушылар тарапынан аса қызығушылық байқалған жоқ. Жүктеп алғанымен, көп ұзамай смартфонынан өшіріп тастағандар көп болған. Дегенмен, бүгінде ол қарқынды түрде танымалдылыққа ие болып, қазақстандықтардың белсенді талқы алаңына айналды.
Бұл желіде қолданушылар қарапайым мәселелерден бастап, өзекті де әлеуметтік маңызы зор тақырыптарға дейін талқылайды. Әркім өз ойын жазады, қалжыңдасады, пікір таластырады. Соңғы кезде талдаушылар, тіпті, платформаның орыс тілді сегментінде қазақстандық қолданушылардың көш басына шыққанын байқаған. Бұл, әрине, Ресейде әлеуметтік желілердің жаһандық тұрғыда бұғатталуымен байланысты, дегенмен орыс тілі әлі де белсенді қолданылатын Орта Азиядағы бұл тенденция таңданыс туғызғаны рас.
Осы орайда Информбюро порталы Grey Cardinals коммуникациялық агенттігінің зерттеуіне сүйене отырып, Threads қалай Қазақстанның жылдам еніп, қандай цифрлық мәдениетті қалыптастырып жатқанын баяндайды.
Қазақстандағы цифрлық ашықтық
Зерттеуге сүйенсек, Threads өзінің қарапайым, мәтін форматындағы платформасының арқасында желідегі еркін қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып жатыр.
"Батыс әлемінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар, қолданушылар ол үшін Reddit әлеуметтік желісін пайдаланады. Бұл тұрғыда Threads оның жергілікті баламасына айналды. Мұнда қолданушылар жеке және өзекті мәселелерін талқылайды, жұмыс не өмірлік серігін іздейді, түрлі сервистерді қолдану тәжірибесін бөліседі. Бұл тізімде шек жоқ. Басқаша айтқанда, Threads пайдалы ақпарат ұзынқұлақ тәсілімен тарайтын, түрлі жарнама мен хабарландыру ілінетін бұрынғы автобус аялдамасына ұқсас алаңға айналып отыр", – делінген зерттеуде.
Оқи отырыңыз: Хайп спадёт, а Threads останется? Что это за новая соцсеть и как она работает
Қысым көрсетудің құралы
Дегенмен, хабарландыру алаңынан бөлек, Threads Қазақстанда өзге, атап айтқанда бұқаралық қысым көрсету құралына да айналғанына куә болдық. Бұл, әсіресе, Cancel мәдениеті түрінде көрініс тапты.
"Cancel мәдениеті Threads платформасында талқыланатын негізгі тақырып болмағанымен, түрлі брендтерге жаппай шағым не үндеу жасау, ашық бойкот жариялау жиі байқалады. Контенттің мәтін форматында болуы негативті реакцияны жылдам әрі мақсатты аудиторияға дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалға таяуда Youtube желісіне шыққан екі танымал тұлғаның (Әлішер Елікбаев пен Шәріп Серіктің сұхбаты – ред.) сұхбатын алуға болады. Видеоның өзі түрлі мазмұндағы пікір туғызғанымен, дәл осы Threads Cancel мәдениетінің белсенді алаңына айналды. Қолданушылар ашулы посттар жазып, жарнама берушілерге жазған хаттарының скриншоттарын жаппай жариялады. Ағылшын тілінде пост жазған қолданушылардың бірі, тіпті, әлемдік санатқа ие қонақүйлердің сұхбатты жүргізген блогермен әріптестігі туралы алаңдаушылық білдірді. Нагимуша есімді танымал блогер сұхбаттың екі тарабын да тікелей сынап, бірнеше пост жариялады. Осы кейс Threads желісінің бизнеске және танымал тұлғаларға қысым көрсетудің нақты құралына айналғанын көрсетеді", – деп жазды зерттеу авторлары.


Оқи отырыңыз: Cancel culture: Актер Шәріп Серік кейсінің қазақстандық "кәнсіл мәдениетіне" әсері қандай
Қазақ тіліне қызығушылық
Зерттеуде Threads тек талқы мен сынның алаңына ғана емес, Қазақстанның жергілікті тақырыптары мен мәдени ерекшеліктерін насихаттаудың тиімді құралы екені де айтылған. Желідегі қазақстандық посттардың танымалдығының артуы өзге елдер қолданушыларының қазақстандық мәдениетке қызығушылық оятқан. Мысалы, олар қазақтың дәстүрлі тағамы – ет тамақтан дәм татқысы келетінін жазған, одан бөлек, елдегі дәмхана және өзге де ойын-сауық орындары туралы сұрайтындар көбейген.

"Ал кейбірі, тіпті, аздап болса да, қазақ тілін үйрене бастады. Желідегі мұндай ашықтық елге де қызығушылықтың өсуіне және Қазақстанның өзге елдерде танымалдылығын арттыруға негіз болады", – делінген зерттеуде.
Экономикалық салдарлар
Бүгінде бизнес үшін өзінің әрекеттерін ғана емес, сонымен қатар Threads қоғамдастығының реакциясын да қадағалау маңызды. Өйткені, бұл брендтер мен танымал тұлғалардың абыройына және сәйкесінше табысына да тікелей әсер ететін факторға айналды. Өйткені, желі қолданушылары қандай компанияларға бойкот жариялау керектігін ашық талқылайды, оған қоса, 2GIS сынды карталарда бизнес нысандарының рейтингін жаппай түсіріп тастай алатын күшке ие. Мұның бәрі кейде агрессивті сипатта жүзеге асқанымен, онымен санаспау бизнесті құрдымға жетелейтіні анық.

"Қорыта айтқанда, Threads желісіндегі ашық пікірталас бизнеске де, қоғамдық пікірге де тікелей ықпал ете алады. Осы ашықтық және ықпал ету қуаты Қазақстан қоғамының бұл әлеуметтік желіге қызығушылығын арттырып отыр. Соған қарағанда, Threads сыйлаған цифрлық мәдениет Қазақстан қоғамында ұзақ уақыт қонақ болатын секілді", – деп түйіндеген зерттеу авторлары.