Ержан Бабақұмаров Дональд Трамп стиліндегі ірі келісімдер және қысым жағдайында келіссөз жүргізу туралы

Фото: Reuters
Фото: Reuters
Тәуелсіз сарапшы Informburo.kz порталына берген сұхбатында АҚШ президенті Трамптың келіссөз жүргізу тәсілі мен орта елдер басшыларының ықтимал тактикалары туралы айтты.

Саясаттанушы, талдаушы, "Ника груп" талдау орталығының жетекшісі Ержан Бабақұмаровпен заманауи геосаяси процестер туралы сұхбаттар сериясын жалғастырамыз. 

Бірінші сұхбатта сарапшы Дональд Трамп неге Америка Құрама Штаттарын корпорация, ал халықаралық саясатты келісімдер мен транзакциялар нарығы ретінде қарастыратынын түсіндірді. Альянстар, институттар, құндылықтар – Ақ үй басшысының ойынша, мұның бәрі "АҚШ үшін пайдалы" деген басты критерийге бағынуы тиіс. 

Бұрынғы дипломатия қатаң прагматизмге жол беріп отырған әлем елдердің бәрінен, әсіресе ірі әскери-саяси блоктардан тысқары мемлекеттерден жаңа тәсілдерді талап етеді. 

Бұл сұхбатта Informburo.kz корреспонденті сарапшымен АҚШ президенті қалай келіссөз жүргізетінін, неге саналы түрде тұрақсыздық атмосферасын қалыптастырып жатқанын және бұл орта державаларға қалай әсер ететінін талқылады. 


Келісім өнері

– Ержан Жалбақұлы, Дональд Трамптың сыртқы саясатты жүргізу тәсілін "сауда-корпоративті тәсіл" деп атайды. Ол АҚШ мүддесін үшін бірбеткей, кейде агрессивті келіссөздерді жөн көреді. Бұл шынымен де стратегиялық таңдау ма, әлде Трамптың жеке стилі ме?

– Дональд Трамп келіссөзді бірінші кезекте тәжірибелі бизнесмен, тек содан кейін ғана кәнігі дипломат ретінде жүргізеді. Оның тәсілі ымыра іздеуге емес, күш пен үстемдікті көрсетуге негізделген. Ол "Егер қолыңда қысым көрсету құралдарың болмаса, ешқашан келісім жасаспа" дегенді бірнеше рет айтқаны бар. Бұл қағиданы ол расымен де ұстанады. 

Америка басшысы халықаралық аренада қолданатын төрт рөлді атауға болады. Олар: қадағалаушы, атқарушы, бақылаушы және қиратушы. Ол әңгімелесушісін зерттейді, бұқаралық мәлімдемелер арқылы күн тәртібін бақылауға тырысады, процесті өзіне тиімді бағытқа бұру үшін ойын ережесін күрт, тіпті қарсы тарапты тұрақсыздандыра отырып өзгерте алады. 

Мұндай саяси стильдің негізгі құралы – қысым көрсету арқылы мәжбүрлеу, осал тұстар арқылы ойын жүргізу және белгісіздік атмосферасын құру. 

Сыртқы экспрессивтілікке қарамастан, оның стилі мейлінше ұтымды. Ол билік ассиметриясын және психологиялық артықшылығын қолданады. Оның негізі – импульс емес, нақты есеп. 


Қысым жасау тактикасы

– Соңғы жылдары АҚШ-тың тіпті ресми одақтастарын да қолайсыз шешімдер қабылдауға мәжбүрлейтін сауда салықтары, келісімдерден шығу және әріптестік шарттарын таңу сынды әдіс-тәсілдері жиі талқыланып жүр. Мұндай қатаң құралдар АҚШ президентінің келіссөз жүргізу моделімен қалай үйлесім табады? 

– Америка басшысы серіктестерінің қимыл еркіндігін шектейтін қатаң әрекеттерге барады. Ол қарсыластың балама мүмкіндіктерін азайту, өзге нұсқалардың тартымдылығын азайту, "жомарт" ұсыныстардың шектеулілігі, басшылармен тікелей келіссөздер, қарсылыққа дайындықты көрсету және келісімнің нақты белгіленген шарттарын қою секілді тексерілген және нақты есепке құрылған тактикаларды қолданады. 

Бұл қысым сезімін тудырады да, серіктесті әдетте мүмкін еместей көрінетін шарттарға келісуге мәжбүрлейді. Мұндай келіссөздерде, әсіресе, институттық жүйесі әлсіз елдер осал жағдайда қалады. 

Президент Дональд Трамп нәтижеге сенім көмегімен емес, қысым көрсету жолымен жетеді. Ол үшін ең бастысы – қарым-қатынасты сақтау емес, барынша пайда табу. 


Басқаруға болатын болжамсыздық теориясы

– Халықаралық баспасөзде Дональд Трамптың саналы түрде болжамдылық логикасынан тыс әрекет ететіні талай айтылды. Оның мәлімдемелері мен шешімдері кейде жаға ұстатарлық болғанмен, аналитиктер олардың негізінде нақты есептер жатқанын айтады. Ол басқаруға болатын болжамсыздық стратегиясын қолданады деп айта аламыз ба?

– Бұл саяси ғылымда "ақымақтар теориясы" деген атаумен белгілі саналы стратегия болса керек. Оның мәні – қарсыластарды өзіңнің қисынсыз, кесімді және тіпті қиратушы қадамдарға бара алатыныңа сендіру. Бұл қадам серіктестерге қорқыныш ұялатып, оларды ымыраға келуге итермелейді.

АҚШ президенті резонансты мәлімдемелерді жиі жасайды. Мәселен, Гренландияны аннексиялау, Канаданы қосып алу және НАТО-мен байланысты мүлде үзу. Бәлкім, ол бұл айтқандарын іске асыруға ниетті емес те болар, бірақ мұндай мәлімдемелер саяси артиллерия ретінде жұмыс істеп, қажетті фон жасайды. 

Дональд Трамптың арсеналындағы болжамсыздық – әлсіздік емес, басқаруға болатын хаос. Ол келіссөз тараптарын кері шегінуге мәжбүрлейтін тізбекті реакцияларды іске қосады. 


Институционалдық дипломатияның орнына жеке дипломатия 

– АҚШ президентінің дәстүрлі дипломатиялық институттарды қаламайтынын байқаймыз. Ол мемлекеттердің басшыларымен, әсіресе қолмен басқару режимін қолданатындармен жиі тікелей сөйлеседі. Бұл дәуірдің ерекшелігі ме, әлде оның жеке стилі ме?

– Бұл стратегия. Дональд Трамп дербес дипломатияны – шешім қабылдаушылармен тікелей қарым-қатынасты қалайды. Ол Владимир Путин, Си Цзиньпин, Мұхаммед ибн Салман, Режеп Тайып Ердоған секілді әлемнің мықты тұлғаларымен келіссөздерде өзін жайлы сезінеді. Оған сенің кім екенің емес, қаншалықты шешім қабылдай алатының маңызды. 

Мұндай стиль мемлекеттік департамент, БҰҰ, елшіліктер арқылы келіссөз жүргізу тәсілдерін ығыстырып шығарады. Трамп үшін сыртқы саясат – келісу процесінің көпсатылы жүйесі емес, мықты ойыншылар арасындағы келісімдер жиынтығы. 

Ақ үй басшысы үшін идеология мен тарих маңызды емес. Оның орнына басқару, ықпал ету және қол жеткізу қабілеті маңыздырақ.  


Қазақстан: нарықтар мен келіссөздер арасында

– Ескірмейтін сұрақ: біздің еліміз жаңа жағдайларға қалай бейімделуі керек?

– Жауапты біз қазірдің өзінде көріп отырмыз. Әлемдегі күрделі жағдайларға қарамастан, Қазақстанның ұлттық мүдделері мен егемендігі тиімді қорғалып келеді. Қазіргі халықаралық саясат – бұл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мықты қырларының бірі. Бұл – мықты мінез бен ерік-жігердің, кәсіби дипломатия және стратегиялық ойлаудың мықты үйлесімі. 

Сонымен қатар, сарапшылар әлемдік тәртіпте басталған өзгерістер жағдайында ұлттық мемлекеттерге өзгелердің шешімінің нысанынан айналмай, сол шешімдерді қабылдауға қатысу маңызды екенін айтады. Батыстың сарапшылары, ең алдымен жаһандық әділдік немесе әмбебап ережелер туралы қиялдардан бас тарту керектігін айтады. АҚШ-тың қазіргі президентімен жан-жақты дипломатия аясында әңгімелесу мүмкін емес болар. Оның басқару жүйесінде декларациялар емес, пайданың құны жоғары. 

Орта елдер өзінің субъектілігін нығайта алады және солай істеуі керек те. Әлемдік тәртіптегі өзгерістерді тек қауіп емес, мүмкіндіктер ретінде де қарастырған жөн. Біздің еліміз Ресей, Қытай, ислам әлемі, АҚШ және Батыс арасында бірегей геосаяси жағдайға ие. Бұл одан әрі де сауатты басқаруға қажет ресурс. АҚШ пен өзге қуатты державаларға Қазақстанның ұлттық мүдделері мен егемендігіне зиян келтірмейтін ұсыныстар жасап үйрену керек. Икемді болу қажет, табандылық танытып, күрделі келіссөздерге арналған сценарийлерді алдын ала әзірлеу керек. 

Орта елдер келіссөздерге алдын ала дайындалуы қажет: не үшін барамыз, не ұсынамыз, нені қорғауға дайынбыз және нені талап етеміз.  


– Бүгінде демократиялық институты, болжамды саясаты және сыпайы дипломатиясы бар "дұрыс" мемлекет болу жеткіліксіз секілді көрінеді. Енді қатаң ережелермен ойнай білу қажет пе?

– Иә, дәл солай. Дональд Трамптың әлемінде тәртібі жақсылар емес, пайдалы болатын әрі шешім қабылдай алатындар жеңіске жетеді. Бұл жаңа реализм. Соның шарттарымен өмір сүріп үйрену керек. 


Келесі сұхбаттардың тақырыптары:

  • "2025 жобасы" деген не және ол АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатын қалай өзгертіп жатыр. 
  • Неліктен екіжақты келісімдер тұжырымдамасы бұрынғы альянстар жүйесін ығыстырып жатыр. 
  • Халықаралық ұйымдарды не күтіп тұр және әлемнің жаңа бөлінісі басталуы мүмкін бе.
  • Жаңа геосаяси логика жағдайында АҚШ, Еуропа, Қытай және Ресейдің қарым-қатынастары қалай дамуы мүмкін? 

Жаңа сұхбаттарды жіберіп алмаңыздар.  

Серіктестер жаңалықтары